ҚЫСҚАМЕТРАЖДЫ ФИЛЬМДЕРДІҢ СЦЕНАРИЙІНЕ ЖАРИЯЛАНҒАН ПИТЧИНГКЕ ҚАТЫСУҒА АРНАЛҒАН ОФЕРТА
«Тор-Медиа» ЖШС (әрі – Ұйымдастырушы)
Бұл жария ұсынысы (Оферта) қысқаметражды аудиовизуалды жобаларға арналған питчингке қатысу шарттарын айқындайды және Питчингке өтінім берген жеке тұлғалармен Ұйымдастырушы арасындағы қатынастарды реттейді.

1.ОФЕРТАНЫҢ НЫСАНАСЫ

1.1 Осы офертаның нысанасы – «Тор-Медиа» ЖШС ұйымдастыратын қысқаметражды көркем фильмдердің сценарийлеріне арналған питчингке қатысу. Питчингтің мақсаты – ерекше әрі шығармашылық тұрғыда тың жобаларды іріктеу. Ұйымдастырушының шешімі бойынша бұл жобалар ары қарай дамыту және өндіріске енгізу үшін таңдап алынуы мүмкін.            
1.2 Қатысушы Питчингке қатысуға өтінім беру арқылы осы Офертаның барлық талаптарын толық әрі сөзсіз қабылдайтынын растайды.

 2. ПИТЧИНГ ӨТКІЗУ ТӘРТІБІ

2.1. Питчинг өткізу мерзімі: 2025 жылғы 30 мамырдан бастап 2025 жылғы 15 шілдеге дейін жалғасады.2.2 Ұйымдастырушы питчинг өткізу мерзімін өзгертуге, оны толық немесе белгілі бір бөлігі бойынша тоқтатуға, уақытша үзуге, сондай-ақ осы офертаның кез келген шарттарын біржақты тәртіппен кез келген уақытта себептерін түсіндірмей өзгертуге құқылы. Бұл өзгерістер туралы қатысушылар міндетті түрде Ұйымдастырушының ресми сайтында ақпарат жариялау арқылы хабардар етіледі.                                              
2.3 Барлық өтінімдер тек мына электрондық поштаға жіберілуі тиіс: shabytlab@unicoplay.com

3. ҚАТЫСУ ШАРТТАРЫ ЖӘНЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР

3.1. Питчингке қатысуға Қазақстан Республикасының 16 жастан асқан азаматтары қатыса алады.
3.2. Питчингке қатысу үшін Қатысушы келесі материалдарды ұсынуы қажет:
3.2.1. Белгіленген нысанда толтырылған өтінім;
3.2.2. Жоба авторының/авторларының түйіндемесі (резюме);
3.2.3. Портфолио (жасалған жұмыстар: қысқаметражды фильмдер, reels, вайндар);
3.2.4. Белгіленген талаптарға сай қысқаметражды көркем фильмнің сценарийі;
3.2.5. Жобаның басқа материалдары (презентация, визуалды референстер және т.б., бар болған жағдайда);
3.2.6. Қатысушы өтінімде Ұйымдастырушы ұсынған тізімнен қалаулы менторды көрсетуге құқылы. Алайда менторды көрсету оның нақты тағайындалатынына кепілдік бермейді. Менторды бекіту туралы түпкілікті шешімді Ұйымдастырушы қабылдайды.
3.3. Материалдар қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде қабылданады.                      
3.4. Қатысушы Питчинг аясында шектеусіз мөлшерде жоба ұсынуға құқылы.
3.5. Қатысушы келесі талаптарға сай болуы тиіс:
3.5.1. Қатысушы өз идеясын сенімді түрде таныстырып, көпшілік алдында сөйлей алу қабілеті болуы тиіс;
3.5.2. Заңға қайшы әрекеттері болмауы. (мысалы, істі болуы немесе осыған ұқсас байқауларға белгіленген мерзім ішінде қатыспауы);
3.5.3. Бұрын жүзеге асырылған жобалар немесе осыған ұқсас байқауларға қатысу – артықшылық ретінде қарастырылады.
3.6. Қатысушы ұсынатын қысқаметражды көркем фильм сценарийі келесі талаптарға сай болуы қажет:
3.6.1. Қысқа хронометражға (ұсынылатын ұзақтығы: 5–12 минут) сыйымды, нақты әрі тың идеяға негізделуі;
3.6.2. Сценарий шектеулі бюджет жағдайында іске асыруға қолайлы болуы тиіс (мысалы: қарапайым түсірілім орындары, арнайы эффектілердің аз болуы, 1–3 күн арасында түсіруге қолайлы болуы керек).
3.6.3. Автордың түпнұсқа шығармасы болуы және үшінші тұлғалардың авторлық құқықтарын бұзбауы.
3.7. Ұйымдастырушы питчингке қатысуға рұқсат беруден себепсіз бас тартуға құқылы.
3.8. Питчинг нәтижесі бойынша, Қатысушы жоба іріктеп алынған жөнінде хабарлама алған сәттен бастап, 2 (екі) жұмыс күні ішінде келесі құжаттардың қол қойылған түпнұсқаларын Ұйымдастырушыға ұсынуға міндетті:
3.8.1. авторлыққа қатысты өтініш пен кепілдіктер;
3.8.2. Ұйымдастырушының талабы бойынша өзге де құжаттар.
3.9. Осы Офертаның 3.8-тармағында көрсетілген құжаттар белгіленген мерзімде ұсынылмаған жағдайда, жоба ұйымдастырушылары Қатысушыға қосымша хабарлама берілместен Питчингтен шығарылады. Ұйымдастырушы жобамен жұмыс істеуге, оның ішінде менторлық қолдау көрсетуге, Қатысушы барлық қажетті құжаттарды тиісті түрде рәсімдеп, тапсырғаннан кейін ғана кіріседі.

               4. ЖОБАЛАРДЫҢ АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҒЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ОДАН ӘРІ ПАЙДАЛАНУ ТӘРТІБІ

4.1. Питчингке қатысуға өтінім беру арқылы Қатысушы ұсынылған жобаның жалғыз авторы не болмаса заңды құқық иесі екенін, оны толық иеленуге және басқаруға құқығы бар екенін, сондай-ақ ұсынылған материалдар үшінші тұлғалардың құқықтарын бұзбайтынын сөзсіз түрде кепілдейді. Сонымен қатар, Қатысушы Ұйымдастырушының жазбаша келісімінсіз бұл материалдарды өз бетінше пайдалануға немесе үшінші тұлғаларға оларды пайдалануға құқық беруге құқылы емес.
4.2. Егер Материалдар бірлескен авторлық негізде жасалған болса, Қатысушы барлық авторлардан Питчингке қатысуға және осы Офертаның талаптарына сәйкес құқықтарды Ұйымдастырушыға беруге жазбаша келісім алғанын кепілдейді. Өтінімді барлық тең авторлардың атынан тапсыратын Қатысушы аталған келісімдерді алу мен сыйақыны тең авторлар арасында бөлудің толық жауапкершілігін өз мойнына алады. Ұйымдастырушы сыйақыны тең авторлар арасында бөлуге қатысты ешқандай жауапкершілік көтермейді.
4.3. Жобаға іріктелген жағдайда Ұйымдастырушы мен Қатысушы арасында Материалдарға айрықша құқықтарды иелену, оларды пайдалану шарттары мен жобаны әрі қарай дамыту тәртібін реттейтін жеке шарт жасалады. Аталған шартта сыйақы мөлшері, берілетін құқықтардың көлемі, қолданылу аумағы мен мерзімі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады. Қатысушының осындай шарт жасаудан бас тартуы, жоба бойынша, одан әрі іске асыру мүмкіндігінен шектелуге әкеледі.
4.4. Жоба өндіріске ұсынылған жобалар қатарына енген жағдайда, Қатысушы Питчинг аяқталған күннен бастап 3 (үш) жыл ішінде, сондай-ақ жоба таңдалған сәттен бастап, Ұйымдастырушының алдын ала жазбаша келісімінсіз, Материалдарды үшінші тұлғаларға пайдалануға бермеуге және оларды өзі де коммерциялық мақсатта пайдаланбауға міндеттенеді. Бұл шектеу ұсынылып отырған шарт (4.3-тармақ) қандай да бір себеппен жасалмаған күннің өзінде де сақталады. Материалдар түсінігіне, шектеусіз түрде, идеялар, тұжырымдамалар, сюжеттер, кейіпкерлер, диалогтар және сценарийдің өзге де элементтері кіреді.Қатысушы осы талаптарды бұзған жағдайда:
4.4.1. Егер Ұйымдастырушы жобаға қатысты әзірлеу жұмыстары барысында нақты шығындар жұмсаған болса, Қатысушы сол шығындардың толық сомасын өтеп, бұған қоса шығын көлемінің 20% мөлшерінде тұрақсыздық айыбын төлейді.
4.4.2. Егер міндеттеменің бұзылған сәтінде Ұйымдастырушы жоба әзірлеуге байланысты нақты шығындар жұмсамаған болса, Қатысушы 1 000 000 (бір миллион) теңге мөлшерінде айыпақы төлейді.
4.5. Осы Офертаның 4.3 және 4.4-тармақтарында көрсетілген шектеу сипатындағы міндеттемелер Ұйымдастырушы тарапынан әрі қарай әзірлеу мен өндіріске іріктелмеген жобаларға қолданылмайды. Мұндай жобалардың авторлары өз Материалдарын қалауы бойынша еркін пайдалана алады, және бұл ретте Ұйымдастырушы тарапынан ешқандай шектеу қойылмайды.                                           
4.6. Ұйымдастырушы, тіпті жоба Питчинг нәтижесі бойынша іріктеліп немесе менторлық қолдау кезеңінен өткен болса да, оны әрі қарай әзірлеу, өндіріске енгізу немесе басқа түрде пайдалану жөнінде ешқандай міндеттеме алмайды.                          
4.7. Егер Питчинг нәтижесінде іріктелген жоба бойынша іске асыру туралы шешім қабылданатын болса, Ұйымдастырушы мен Қатысушы арасындағы қарым-қатынастар жеке шарт арқылы реттелуі мүмкін. Мұндай шарт жасау туралы шешім толықтай Ұйымдастырушының қалауы бойынша қабылданады.
4.8. Ұйымдастырушы кез келген жоба бойынша әрі қарай жұмыс істеуден кез келген уақытта және себеп түсіндірместен бас тартуға, сондай-ақ Қатысушыға ешқандай өтемақы төлемеуге құқылы.                  
4.9.Питчинг барысында алынған жоба атаулары, авторлардың есімдері, фото және бейнематериалдарды Ұйымдастырушы қосымша келісімсіз және қандай да бір сыйақысыз маркетингтік, жарнамалық, ақпараттық және өзге де мақсаттарда пайдалануға құқылы.

     5. МЕНТОРЛЫҚ ҚОЛДАУ

5.1. Ұйымдастырушы Қатысушыларға Питчинг аясында менторлық қолдау алу мүмкіндігін ұсынады.
5.2. Барлық ұсынылған өтінімдер Питчингке қатысатын менторлардың қарауына беріледі.
5.3. Әр ментор кәсіби бағдары мен жобалардың әлеуетіне сүйене отырып, бір жобаны таңдайды. Бір Қатысушының бірнеше жобасын әртүрлі менторлар таңдай алады.
5.4. Ментор таңдаған Қатысушылар сценарийлерін сол ментордың жетекшілігімен жетілдіруге мүмкіндік алады.
5.5. Ментормен өзара жұмыс тәртібін Ұйымдастырушы белгілейді және бұл тәртіп таңдалған Қатысушыларға хабарланады.
5.6. Менторлық қолдау мыналарды қамтиды:
5.6.1. сценарийді пысықтау жөніндегі консультациялар;
5.6.2. питчингке арналған презентацияны әзірлеу бойынша көмек;
5.6.3. визуалдық шешімдер мен жобаны іске асыру бойынша ұсыныстар.
5.7. Ментор таңдауы жоба өндіріске өтетініне кепілдік бермейді, бірақ бұл жобаны дамыту кезеңі болып табылады.
5.8. Менторлық қолдау көрсету Ұйымдастырушыға жобаны ары қарай әзірлеу, өндіріске енгізу немесе басқа коммерциялық мақсатта пайдалану жөнінде ешқандай міндеттеме жүктемейді.
5.9. Жобамен жұмыс үш тараптың – Ұйымдастырушы продюсері, ментор және Қатысушы – арасындағы өзара әрекет форматында жүзеге асырылады. Продюсер әкімшілік қолдауды қамтамасыз етеді және әзірлеу процесін жалпы үйлестіреді. Ментор – шығармашылық және кәсіби бағыт береді. Қатысушы жобаны ментор мен продюсердің ұсынымдарына сәйкес жетілдіреді.
5.10. Қатысушы мен ментор кездесу, бейнеқоңырау және консультациялардың кестесін өзара келіседі. Бұл ретте Ұйымдастырушы бекіткен мерзімдер сақталуы тиіс. Кездесу жиілігі мен ұзақтығы жобаның уақытында және сапалы орындалуына жеткілікті болуы қажет.
5.11. Ментор мен Қатысушы жұмысының негізгі мақсаты – қысқаметражды фильм сценарийін кәсіби стандарттарға сәйкес жетілдіру және жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін ескеру.

      

6. ЖОБАЛАРДЫҢ ӨНДІРІСІ

6.1. Іріктелген жобалардың өндірісі Ұйымдастырушының толық бақылауымен жүзеге асырылады және үш негізгі кезеңді қамтиды: дайындық, түсірілім және постпродакшн (монтаж-бояу) кезеңдері.6.2. Дайындық кезеңі:
6.2.1. жобаның шығармашылық тобын жасақтау: оператор-постановщик, қоюшы суретші, композитор, костюм суретшісі, грим суретшісі және жобаны іске асыру үшін қажет басқа да мамандар. Топтың түпкілікті құрамын Ұйымдастырушы бекітеді;
6.2.2. актерлік құрам мен түсірілім нысандарын (локацияларды) таңдау. Бұл үдеріс Қатысушы мен Ұйымдастырушы өкілдері тарапынан бірлесіп жүзеге асырылады. Көркемдік талаптар мен өндірістік мүмкіндіктер ескерілген соң, соңғы шешімді Ұйымдастырушы қабылдайды;
6.2.3. қысқаметражды фильм өндірісінің соңғы сметасын әзірлеу және бекіту. Смета Ұйымдастырушы продюсері тарапынан жасалады және жоба ерекшеліктері мен қолжетімді бюджет негізінде құрылады. Қатысушы жобаға түзету енгізу барысында осы шектеулерді ескеруі тиіс;
6.2.4. түсірілім алдындағы қорғау (pitch). Қатысушы мен ментор фильмнің соңғы тұжырымдамасын – режиссерлік көзқарасты, шығармашылық және техникалық шешімдерді таныстырады. Қорғау нәтижесі бойынша Ұйымдастырушы түсірілімді бастау немесе жобаны қайта өңдеу туралы шешім шығарады.
6.3. Түсірілім кезеңі:
6.3.1. фильмді бекітілген кесте, смета және шығармашылық тұжырымдамаға сәйкес түсіру;
6.3.2. өндірістік тәртіп пен бюджет шеңберін сақтау барысын Ұйымдастырушы тарапынан бақылау;
6.3.3. түсірілген материалдарды Қатысушы, ментор және Ұйымдастырушының қатысуымен тұрақты қарау.
6.4. Постпродакшн кезеңі:
6.4.1. фильмді шығармашылық тұжырымдамаға сай монтаждау;
6.4.2. бекітілген визуалды стильге сәйкес түсті түзету (цветокоррекция);
6.4.3. дыбыстық сүйемелдеуді жасау: синхронды дыбыстар, фондық атмосфера, диалог жазу (қажет болған жағдайда), музыка жазу, дыбысты өңдеу және микшірлеу;
6.4.4. визуалды эффектілерді (VFX) жасау және енгізу (егер жоба талап етсе);
6.4.5. фильмнің мастер-көшірмесін Ұйымдастырушы белгілеген техникалық форматтарға сәйкес әзірлеу және тапсыру.
6.5. Өндірістің барлық кезеңінде Ұйымдастырушы фильмді әзірлеу процесін толық бақылауда ұстайды және жобаны тиімді іске асыру мақсатында өндірістік жоспарға, техникалық немесе шығармашылық шешімдерге өзгеріс енгізу құқығын өзіне қалдырады.
6.6. Қатысушы өндіріс үдерісінің барлық кезеңдеріне белсенді түрде қатысуға, Ұйымдастырушы мен ментордың ұсынымдарын орындауға және өндірістік талаптар мен шектеулерді ескеруге міндетті.
6.7. Ұйымдастырушы жобаның көркемдік, техникалық немесе өзге де талаптарға сәйкес келмейтінін анықтаған жағдайда, не болмаса Қатысушы осы Офертаның шарттарын бұзған болса, жоба өндірісін кез келген уақытта тоқтата немесе толық доғара алады. Бұл шешім бойынша себептерді түсіндіру міндетті емес.
                           

7. ЖОБАЛАРДЫ КЕҢІНЕН ТАРАТУ

7.1. Ұйымдастырушы іріктелген жобаларды халықаралық кинофестивальдерге ұсыну және жарнамалау құқығын өзіне қалдырады.
7.2. Жоба фестивальге қабылданған жағдайда, Ұйымдастырушы жобаның авторын фестиваль өтетін елге (немесе қалаға) бару және тұру шығындарын жабу мүмкіндігін қарастырады.


           

8. ҚҰПИЯ АҚПАРАТТЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ҚОЛДАНУ ТӘРТІБІ

8.1. Ұйымдастырушы осы Офертада көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының жеке деректер туралы заңнамасына сәйкес Қатысушылардың жеке деректерінің құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті.
8.2. Қатысушы жобаға қатысты ақпарат (жобаның атауы, логлайны, синопсисі, автордың/авторлардың аты-жөні, фото және бейнематериалдар) құпия ақпарат болып саналмайтынын, сондай-ақ бұл ақпарат Питчинг барысында алынған жағдайда Ұйымдастырушы тарапынан қосымша келісімсіз және өтемақысыз маркетингтік, жарнамалық, ақпараттық және өзге де мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін екенін мойындайды және келіседі.
8.3. Қатысушы жоба туралы ақпараттың Питчингті өткізу және жобамен ықтимал әрі қарай жұмыс істеу мақсатында менторларға, Ұйымдастырушы қызметкерлеріне, сондай-ақ жобаларды іске асыруға тартылған үшінші тұлғаларға ұсынылуына келісім береді.
8.4. Қатысушы Питчингке өтінім беру арқылы ұсынылған материалдарды Питчинг шеңберінде көпшілікке көрсетуге, сондай-ақ олардың Ұйымдастырушы тарапынан жарнамалық, ақпараттық және білім беру мақсаттарында пайдаланылуына келісім береді. Мұндай пайдаланудың көлемін, тәсілін және қажеттілігін айқындау құқығы Ұйымдастырушыда сақталады.
8.5. Қатысушы Питчингке қатысуға өтінім беру арқылы өзінің жеке деректерін жинауға, жүйелеуге, жинақтауға, сақтауға, нақтылауға (жаңарту, өзгерту), пайдалануға, таратуға (оның ішінде Питчингті өткізу мақсатында үшінші тұлғаларға беруге), иесіздендіруге, бұғаттауға және жоюға келісім береді.


9. ТАРАПТАРДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

9.1. Ұйымдастырушы Қатысушы тарапынан үшінші тұлғалардың авторлық және сабақтас құқықтарының бұзылуы үшін жауап бермейді.
9.2. Қатысушы жобасын пайдалану барысында авторлық және сабақтас құқықтардың бұзылуына байланысты үшінші тұлғалар тарапынан талаптар қойылған жағдайда, Қатысушы бұл талаптарды дербес реттеуге міндеттенеді.
9.3. Ұйымдастырушы Қатысушының Питчингке қатысу мүмкіндігіне кедергі келтіретін, өзіне байланысты емес себептер үшін жауапкершілік алмайды.
9.4. Қатысушы осы Офертаның 3.8-тармағында көзделген құжаттарға қол қоюдан жалтарған жағдайда, Ұйымдастырушы жобамен әрі қарай жұмыс істеуден бас тартуға құқылы. Бұл жағдайда Қатысушыға қандай да бір өтемақы төленбейді, сондай-ақ өзге міндеттемелер жүктелмейді.


10. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

10.1. Осы Оферта Ұйымдастырушының ресми сайтында жарияланған сәттен бастап күшіне енеді және 2.1-тармақта көрсетілген мерзімдерде өтетін Питчинг аяқталғанға дейін қолданыста болады.
10.2. Ұйымдастырушы осы Оферта шарттарын кез келген уақытта, себептерін түсіндірместен, біржақты тәртіппен өзгерту құқығын өзінде қалдырады. Бұл ретте өзгерістер туралы ақпарат ресми сайтта жарияланады.
10.3. Осы Офертаға байланысты туындайтын барлық дау мен келіспеушілік алдымен келіссөз арқылы шешіледі, ал келісімге қол жеткізу мүмкін болмаған жағдайда – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаралады.
10.4. Осы Оферта шеңберінде Ұйымдастырушыға берілген құқықтар мерзіммен шектелмейді және күшін тұрақты сақтайды.
10.5. Осы Офертада қарастырылмаған мәселелер бойынша тараптар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сүйенеді. Егер Оферта шарттары заңнамаға қайшы келетін болса, мұндай қайшылық тек қажет шекте қолданылатын заң нормаларымен реттеледі, ал Офертаның қалған ережелері өз күшінде қалады.


"Tor-Media" ЖШС
БСН: 230340033192
Электрондық пошта: shabytlab@unicoplay.com
Made on
Tilda